БілімЖаңалықтар

Ұлттық бірыңғай тестілеу — ортақ сын

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық жайы талқыланды.

Биылғы түлектер тестілеуді жаңа үлгіде тапсыратын болады. Атап айтқанда, ол орта мектепті бітірген соң және жоғары оқу орнына түсер алдында деп екі кезеңге бөлінеді. Облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова мәлімдегендей, облыс әкімінің  тапсырмасымен оқушылар, олардың ата-аналары мен мұғалімдер арасында ҰБТ-ның жаңа үлгісі туралы кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Ағымдағы жылы ҰБТ 15 орында өткізіледі. Оның 12-сі — аудан орталықтарында, 3-еуі — Ақтөбеде. Оларды материалдық-техникалық жағынан толық жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу туралы өтініштер 10 мамырға дейін созылады. Барлық аудандар мен Ақтөбе қаласында мемлекеттік комиссия мүшелері сайланды.

Сәуле Өмірбекованың айтуынша, ағымдағы оқу жылы ай сайынғы байқау тестілеуінің қорытындысы негізінде орташа балл өсімі (+2,3%) бойынша оң динамика байқалады. Сондай-ақ, 50 балл жинай алмаған оқушылардың пайыздық арақатынасы қысқарды. Сонымен қатар, өздерінің біліктілік дәрежелерін анықтау үшін мұғалімдер де тест тапсырды.

Облыс әкімі оқушылардың қауіпсіздігін, ҰБТ тапсыру үшін қолайлы жағдай жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

— Бастысы — оқушылардың тестке кедергісіз және барынша қатысуын қамтамасыз ету. Соңғы жылдары біздің ҰБТ-ның орташа балы бойынша көрсеткішіміз төмендеуде. Сондықтан оқушылардың дайындық мәселесін үнемі бақылауда ұстау қажет, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, көрші мемлекеттердегі жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлаған оқушылармен де (олардың оқуды аяқтаған соң отандарына оралулары үшін)  жұмыс жасау, оқушыларды жаңа 2017-2018 жылдары  оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесін үнемі бақылауда ұстау тапсырылды.

Жиналыс барысында өңір басшысы мектеп директорларының тәртібі туралы мәселе қозғады. Бердібек Сапарбаев білім беру мекемелері басшыларының арасында пара алудың, сонымен қатар, мораль мен әдеп нормаларына  сәйкес емес мінез-құлқының жолын кесу және алдын алу үшін қатаң шараларды қабылдауды талап етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button